Еңбек ету – жақсы өмір сүрудің алғышарты. Бүгінгідей жұмыс көзінің тапшылығы кезінде жұрт еңбекақысын тұрақты төлейтін жер болса, қандай жұмысты да атқаруға пейілді. Бала-шағасын асырау үшін олар күндіз-түні жұмыс істеп, тіпті, Қытай асып кетуге де бар.
Қытай демекші, былтыр бір топ қазақ жігіттері көрші Ресей еліне хабарландыру арқылы жұмыс істеуге барып, 2-3 айдан кейін жалақысыз, азып-тозып елге әрең жеткенін жақсы білемін. Айтуларына қарағанда, жұмыс берушілер оларды уақытша жатын орынмен және ас-сумен ғана қамтамасыз еткен. Үш айдай солардың жұмысын ақысыз-пұлсыз істеген Оралдың бір топ жігіті олардың жалақы бермейтініне көздерін жеткізген соң, бір-біріне тиын-тебендерін қосып жолға ақша жинап, елге әрең жетіпті. Ресейлік жұмыс берушілермен олар соттаса алмады. Өйткені, оралдықтар олармен еңбек шартын жасаспаған. Жігіттердің айтуынша, Мәскеу маңында үш айдай жұмыс істегенде, компания басшыларын бір де бір рет көрмеген. Соған қарағанда Оралдан Ресейге жұмысшы тасып жүрген делдал жігіттер тәрізді. Бұл жерде делдалдар белгілі бір компаниямен еңбек шартына отырып, жұмысты өзге елдің адамдарына алдап-сулап жасатып қоятын сияқты. Жалақыны әне береміз, міне береміз деп, түк татырмай, ең соңында елдеріне кетуге жиналған жұмысшыларға соңынан салып жіберуге уәде етіп, шығарып салыпты. Кейін хабарласса, ұялы телефондарының нөмірін ауыстырып жіберіп, адастырып кеткен. Сөйтіп, былтыр ала жаздай біреудің жұмысын тегін істеген жігіттер текке кеткен уақыттарын айтып, әлі күнге дейін өкініп жүр. Мұны айтып отырған себебім, биыл да алыс-жақын шетелге жұмысқа шақырған хабарландырулар көп. Мұндай хабарландырулар арқылы жұмысқа барар алдында адам жұмыс беруші компания жайында жақсылап ақпарат жинап алулары керек, әйтпесе, жоғарыда айтылған жігіттер тәрізді кез келген адамның опық жеп қалуы мүмкін. Бұдан басқа өз еліміздегі байшыкештер де жалшы ұстауды «модаға» айналдыра бастады. Еліміздің түкпір-түкпірінде қанша «байдың» қаншама «құл» ұстап отырғанын кім білсін, әйтеуір бүгінде өздерінің әлсіздігінен ішерге ас, киерге киім таба алмай қалған ауылдастарын немесе тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандарды еш ақысыз-пұлсыз бір аяқ асын ғана беріп, шаруаларына жұмсап отырған адамдар жөнінде жиі естиміз. Өкініштісі, бұл адамдар өз өмірлерін осыншама азапқа салған «байшыкештерді» сотқа бере алмайды, себебі, олардың ресми дәлелі жоқ... Сөйтіп, қарнының тойғанын ғана місе тұтқан олар біреудің жұмысын өмір бақи жасап жүре береді. Бұған, әрине, олардың өздері кінәлі...
Облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқарма басшысы Жанат Асантаевтың айтуынша, еңбек қанаушылығы орын алмау үшін әр адам жұмысқа орналасар алдында жұмыс берушімен міндетті түрде еңбек келісімшартын жасауы керек. Мұндай келісімшарт болмаған жағдайда жұмыс берушінің көрсеткен қиянатын, әділетсіздігін дәлелдеу мүмкін емес, олармен соттасып та ештеңе өндіре алмайсыз. Дегенмен, қалай болғанда да, еңбек заңдылығы бұзылған жағдайда азаматтар бұл жөнінде жедел түрде тиісті орындарға хабарлауы керек. Бұл бағыттағы жергілікті тұрғындардың сауаты жылдан-жылға артып келеді.
Жалақы бермегендер жауапқа тартылуда
Жанат Асылханұлының сөзінше, биыл алғашқы жартыжылдықтың өзінде облыс бойынша тұрғындардан барлығы 704 арыз-шағым түссе, соның 654-і жеке тұлғалардан, ал қалған 50-і заңды тұлғалардан келіпті. Осыған орай, 218 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Осы тексерулердің нәтижесінде 335 еңбек заңдылығын бұзушылық анықталыпты. Мұны таратып айтар болсақ, еңбек қатынастары бойынша – 294, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша 23 және халықты жұмыспен қамту бойынша 18 заң бұзушылық орын алған.
– Еңбек қатынастары бойынша заң бұзушылықтардың орын алуына негізінен жұмыс берушілердің жұмысшыларға жалақыны уақтылы және толық мөлшерде төлемеуі немесе еңбек шартының жасалмауы кесірінен жұмысшылардың мүлдем жалақысыз қалуы себепші болуда. Кейде еңбек шартының мазмұны Еңбек кодексінің нормаларына сәйкес келмей жатады. Сондай-ақ, еңбек шарты тоқтатылған кезде пайдаланылмаған жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы үшін өтемақы төлемдері дұрыс жүргізілмейді. Мысалы, биылдың өзінде жалақы бойынша заң бұзушылықтарды жою мақсатында жұмыс берушілерге 65 ұйғарым беріліп, 46 жұмыс беруші әкімшілік жауапқа тартылды. Оларға 4,043 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. Сөйтіп, 148 кәсіпорын 1850 қызметкерге барлығы 132,1 млн. теңге мөлшерінде жалақы берешегін өтеді. Бұл мекемелердің қатарында өңірімізге танымал «СВ+», «Жером», «ҚазАрмаПром» және «СпецСтройСервис» ЖШС секілді ірі кәсіпорындар да бар. Мысалы, «СВ+» ЖШС өзінің 313 жұмысшысына 18 млн.500 мың теңге, «Жером» ЖШС 52 жұмысшыға 9,5 млн. теңге, «ҚазАрмаПром» ЖШС 256 адамға 11 млн. 400 теңге және «СпецСтройСервис» ЖШС 36 адамға 5 млн. теңге қарыз болып, бүгінде олар жұмысшыларына берешектерін толық өтеді және аталған кәсіпорындардың әрқайсысы ӘҚБ кодексінің 87-бабына сәйкес жұмысшылардың жалақысын уақытылы бермегені үшін 118 мың 920 теңгеден айыппұл төледі. Сөйтіп, еңбек инспекциясының қызметкерлері еңбек заңдылығын бұзған мекемелерден мемлекет пайдасына ауқымды қаражат өндіріп берді. Қазіргі таңда жалақы берешегін өтей алмай жүрген жалғыз «СПМК-123» ЖШС қалды. Бұл мекеме 58 жұмысшысына 4,7 млн. теңге берешек, бүгінде аталмыш серіктестікке қатысты оңалту процедурасы жүргізілуде, – дейді Жанат Асылханұлы.
Өкініші көп өндіріс жарақаты
Сондай-ақ, ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында 68 жазатайым оқиға орын алды. Мұның 15-і жеңіл және орта, 53-і ауыр дәрежеде, оның ішінде 4 топтық және 11 оқиға бойынша адам өлімі тіркелді. Кісі өлімімен аяқталған 11 оқиғаның 5-і өндіріспен тікелей байланысты, деген Жанат Асылханұлы одан әрі өндірістік жарақат жөніндегі деректерге нақты мысалдар келтірді. Мысалы, өндіріс орнында ажал құшқан бесеудің екеуі «Самұрық-Табиғат» ЖШС-нің жұмысшылары. Олар Атырау облысында жұмыс істеп жүріп, мерт болған. Оқиға Атырауда болса да, серіктестік Батыс Қазақстан облысында тіркелгендіктен, бұл оқиғаны біз есепке алып отырмыз. Осы оқиға бойынша комиссия жұмыс берушіні 100 пайыз кінәлі деп таныды. Тағы біреуі – «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалы Орал мұнай құбыры басқармасының жұмысшысы. Бұл жігіт жұмыс барысында электр тогына соғылып, қайтыс болған. Комиссия қорытындысы бойынша бұл жерде жұмыс берушінің кінәсі 30 пайыз, ал жұмысшының кінәсі 70 пайыз. Төртінші өлім оқиғасы «Ткалун» ЖК-де орын алған. Құрылыс жұмысы кезінде жұмысшы алтыншы қабаттан құлап, мерт болған. Бұл жерде еңбек қатынасы жоқ, аталмыш компания қызмет көрсету үшін құрылыс бригадасын жалдаған, жаңағы биіктен құлап, жан тапсырған жігіт сол бригаданың адамы. Бұл жағдаят бойынша тексеру комиссиясы айыптыларды анықтау барысында жеке тұлғаның кінәсін 30 пайыз, жұмысшының кінәсін 50 пайыз, «Ткалун» ЖК-ның кінәсін 20 пайыз деп тапты. Бесіншісі – Ақсайдағы «РостНефтКомплект-Қазақстан» ЖШС-нің монтажшы-құрастырушысы. Бұл жерде де құрастырушы жігіт биіктен құлаған. Осы оқиға бойынша жұмыс беруші, яғни Ақсайдағы «РостНефтКомплект-Қазақстан» ЖШС 100 пайыз кінәлі деп танылды. Жоғарыдағы оқиғалардың орын алуына байланысты сол кездері үш жақты комиссия (құрамында жұмыс берушінің, жұмысшының және мемлекеттік еңбек инспекциясының өкілі бар) құрылып, тексерілді. Сөйтіп, оқиғалардың себеп-салдары анықталып, олардың бірқатары екі жақтың кінәсінен орын алған деп танылса, кей жағдайларда таза жұмыс беруші айыпты болып шықты. Қысқасы, осындай қайғылы жағдайлардың барлығы да еңбек қауіпсіздігі қадағаланбағандықтан болып жатады. Сондай-ақ, мұндай өкінішті жағдайлардың орын алуына кейде жұмысшылардың өздері де кінәлі. Олар жұмыс барысында қауіпсіздік ережелерін ескермей, қорғаныш киімдерін кимей жұмыс істей береді. Өндірісте тек ер адамдар ғана емес, түрлі жағдайларға байланысты әйел адамдар да жарақаттанып жатады. Мысалы, ағымдағы жылы өндіріске қатысты 5 әйел жарақат алды. Оларды атап айтар болсақ, қаладағы №10 орта мектептің жұмысшысы София Мұқатова жоғары жақты тазалаймын деп жүріп, бірінің үстіне бірі қойылған үстелдерден құлап, жарақат алды. Екіншісі – қалалық жедел жәрдем стансасының фельдшері Ахметжанова, ол жұмыс барысында жол-көлік оқиғасына тап болып, жарақаттанып қалды. Бұл жағдайларда 100 пайыз жұмыс беруші кінәлі деп танылды. Өкініштісі, мұндай мысалдар аз емес.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өндіріске байланысты жазатайым оқиғалардың 41 пайызы жұмыс берушілердің кінәсінен, 33 пайызы жұмысшылардың кінәсінен болған. Ал жазатайым оқиғалардың 26 пайызына екі жақ та кінәлі болып шыққан. Өндірістік жарақаттанудың ең көбі құрылыс саласында болған, яғни 10 адам жарақат алған, бұл 31 пайызды құрайды. Былайғы жұрт қауіпсіз деп санайтын бюджет саласында 9 адам жарақат алыпты, бұл 28 пайызды құрайды. Бұдан кейінгі орында шағын бизнес субъектілері тұр, мұнда өндірістік жарақаттану 4 адам, яғни 12 пайызды құрайды. Өндірістік жарақат алғандардың көбі биіктен құлаған және жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккен. Орын алған жазатайым оқиғалардың 50-нің арнайы тергеп-тексеру материалдары процессуалдық шешім қабылдау үшін облыстық ішкі істер департаментіне жолданды. Аталған департаменттің салыстырмалы актісінің мәліметіне орай арнайы тергеп-тексеру материалдары бойынша Қылмыстық кодекстің 156-бабына сәйкес 47 қылмыстық іс қозғалды.
2,3 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды
Бұдан соң Жанат Асылханұлы басқарманың жұмыспен қамту жөніндегі заңнаманың орындалу барысын да қадағалайтынын жеткізді.
– Бұл бағытта жыл басынан бері 18 тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша заң бұзушылықтарды жою мақсатында жұмыс берушілерге 18 ұйғарым берілді. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 2,3 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. Ағымдағы жылы шетел компанияларында 9 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, еңбек заңнамасының бұзылу жағдаяттарына қатысты заңды тұлғаларға 2,1 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. Мемлекеттік еңбек инспекциясы Орал қаласы және Бөрлі аудандық прокуратурасының заң бұзушылықтарды жою жөніндегі ұсыныс хаттарын қарап, нәтижесінде уәкілетті органның шетел жұмыс күшін тартуға берілген рұқсат құжаттарында көрсетілген лауазымға сәйкес емес шетел мамандарын жұмысқа тарту жағдаяттарын анықтады. Осыған орай, «ЖайықМұнайГаз» ЖШС, «СайпарДриллинг Компани б.в Карачаганак Проджект» филиалы, «Дженерал Электрик Интернешнл Инк» корпорациясы филиалы және «Персоннел Рекруитмент Карьера -Холдингс» ЖШС ҚР ӘҚБ туралы Кодексі 519-бабының 2-тармағына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деген Жанат Асылханұлы еңбек заңдылығы сақталған жағдайда ғана өнімді жұмыс болатынын жұртшылықтың қаперіне салды.
Айша ӨТЕБӘЛІ,
журналист.
Батыс Қазақстан облысы.